«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 3ші бағыты – Жастар практикасы. Бұл бағдарламаның жұмыссыз жүрген жастарды жұмыспен қамтып, тәжірибе жинауға мол мүмкіндік беретінін қазір жастар жақсы біледі. Іс-тәжірибеден өтуге келгендерге жалақы төленеді. Ай сайын 76 800 теңге қаражат алады. Сол себепті де өз мамандығын терең үйреніп, тәжірибе жинағысы келетін жастардың қатары көбейген.
Осы бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқан жас маманның бірі Ерасыл Серікұлы. Ол Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің «Ядролық физика» мамандығы бойынша білім алған. Қолына диплом алған соң Нұр-Сұлтан қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығына келіп, «Жастар практикасы» бағдарламасына тіркелді. Іс-тәжірибеден өту үшін ҚР ҚК «Жас сарбаз» әскери патриоттық ұйымына жұмысқа жіберілген. Алдағы уақытта Ерасыл осы ұйымда тұрақты жұмысқа қабылданады.
Елордадағы Халықты жұмыспен қамту орталығы жыл басынан бері 602 жас маманды жұмысқа жіберді. Оның 188-і тәжірибені аяқтаса, 22 жас маман тұрақты жұмыспен қамтылды. Олар қазір түрлі мекеме кәсіпорындарда еңбек етеді. Жалпы, Жастар практикасы бойынша орталық, Нұр-Сұлтан қаласындағы 269 мекемемен келісімшарт жасады. Ол жерде 1700- ге жуық бос орын берілген.
«Жастар практикасы» тиімділігімен танылған мемлекеттік бағдарламанның бірі.Түлектерді жұмысқа бейімдеу мақсатында ұйымдастырылатын бағдарламаға техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары оқу орындарын аяқтаған 29 жасқа дейінгі түлектер қатысады. Іс-тәжірибе жинақтау бағдарламасының ұзақтығы 6 айдан аспайды.
Жастар практикасы – оқуды аяқтағаннан соң 3 жыл ішінде алған кәсібі немесе мамандығы бойынша жұмысқа орналасуды жүзеге асыратын еңбек қызметінің түрі. Бұл бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқандарға ҚР еңбек заңнамасы қолданылады және республикалық және жергілікті бюджеттен қаржыландырады.
Жастар практикасына қатысу үшін Халықты жұмыспен қамту орталығына тіркелу қажет. Ол үшін мынадай құжаттарды: жеке куәлік (көшірмесін), еңбек кітапшасының көшірмесін (бар болса) және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім бар екенін растайтын құжаттың көшірмесін бере отырып өтінім береді.
НұрСұлтан қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» Бейбітшілік к-сі-25, «Өркен» ІО орналасқан. Толық мәлімет алу үшін 7(7172)97 93 56 8 777 116 82 73 номеріне хабарласып білуге болады.