Елордада АӘК-тің жаңа форматын тағайындау бойынша ақпараттық-насихаттау жұмыстары жалғасуда. 5 қаңтардан бастап осы уақытқа дейін 5361 отбасыға кеңес берілді, АӘК тағайындауға 1458 өтініш қабылданып, оның ішінде 700 өтініш көп балалы отбасылар тарапынан түсті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. 2020 жылдың 1 қаңтарында халыққа атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктері және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Жаңа форматқа сәйкес, АӘК мөлшері, бұрынғыдай, отбасының орташа кірісі мен отбасы мүшелерінің күнкөріс деңгейінің 70% арасындағы айырмашылықты құрайды. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 654 теңге, кедейлік шегі 24258 теңгені құрады. АӘК өтініш берілген күніне қарамастан тағайындалады. Яғни, егер өтініш 20 қаңтарда немесе айдың соңғы күнінде берілсе, төлем бір ай үшін толығымен төленеді. Барлық өтініш берушілерде кемінде 6 ай мерзімге тұрақты немесе уақытша мекенжай анықтамасы және өтініш беру үшін жеке куәлік болуы керек. АӘК тағайындаудың басты шарты – еңбекке қабілетті отбасы мүшесінің жұмыспен қамтылуы. Яғни, отбасы мүшесі 6 ай ішінде жұмысқа орналасудан бас тартса, АӘК барлық отбасы мүшелері үшін тоқтатылады. АӘК аз қамтылған отбасылар қатарына жатпайтын отбасыларға, жалған ақпарат берген азаматтарға тағайындалмайды. Тұрғын үйдің біреуден көп болуы, егер әрбір отбасы мүшелеріне жалпы ауданы 18 шаршы метрден аспайтын жағдайды қоспағанда, сондай-ақ апаттық жағдайдағы тұрғын үй болғанда атаулы әлеуметтік көмек төленбейді. Сондай-ақ, пайда табу үшін тұрақты тұрудан басқа мақсаттарда пайдаланылатын жеке бөлменің (жайдың) болу,жергілікті атқарушы органнан (ЖАО) жеке меншікке берілген жер телімін қоспағанда, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесінің болуы азаматтарға әлеуметтік көмекті беруден бас тартуға себеп болады. Көпбалалы отбасылар мен мүгедек балалары, бірінші және екінші топтағы мүгедектер бар отбасыларды қоспағанда, отбасыда жеңіл көліктің бірнеше данасы болғанда әлеуметтік көмек тағайындалмайтындығын атап өткен жөн. Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілі ашықтықты, әділеттілікті қамтамасыз етуге, сонымен қатар жұмысқа деген ынтаны арттыруға бағытталған. Қазіргі уақытта бұл әлеуметтік қорғау шарасының негізгі міндеті – еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету, тұрақты жалақы төлеу және қиын өмірлік жағдайдан шығару. Сонымен қатар, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап табысы жоқ көп балалы отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізілді. Жәрдемақы отбасындағы балалар санына қарай сараланған мөлшерде кірістерге қарамастан төленеді. 4 балаға – 42 496 теңге, 5 балаға – 53 127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 және одан да көп балаға – 74 388 теңге төленеді. Құжаттар Есіл, Сарыарқа, Байқоңыр және Алматы аудандарының халыққа қызмет көрсету орталықтарында қабылданады. Барлық сұрақтар бойынша анықтама қызметіне 1411, 1414 нөмірлері бойынша хабарласуға болады.