Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыс берушілермен апталық кездесу өткізілді. Диологтік алаңның басты тақырыбы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту болды. Орталық қызметкерлері еңбек инспекторымен бірлесе мүгедектерге арналған жұмыс орындарын квоталау және еңбек қатынастарының ерекшеліктері туралы айтып өтті.
Жұмыс берушілердің сөз сөйлегендерге белсенді сұрақ қойып, тәжірибеде болған, сондай-ақ туындаған жағдайлардан нақты мысалдар келтіргендерін айта кеткен жөн. Кездесу барысында қатысушыларға жұмыс істеп жүрген азаматтар туралы бейнероликтер көрсетіліп арнайы жұмыс орындарын жасауға субсидиялар туралы түсініктеме берілді. Сонымен қатар, жұмыспен қамту қызметіне www.enbek.kz. электронды еңбек биржасы арқылы қалай тез хабарласуға болатыны түсіндірілді.