Биыл “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын Қоғамдық жұмыстарға – 2 904 орын бөлінді. Әртүрлі саланы қамтитын 350 кәсіпорын, мекемемен келісім жасалды. Жыл басынан бері 2 620 адам жұмысқа орналастырылды.
Қоғамдық жұмысқа орналасып кейінен тұрақты жұмыс табатындар бұл бағдарламада көптеп кездеседі. Бүгінгі тақырыбымыздың кейіпкері – Абдрахманов Арсен Сағадатұлы. Ол қазір Нұр-Сұлтан қаласы “Байқоңыр” ауданы әкімінің аппаратында бас маман болып жұмыс істейді.
Ол алғаш Қоғамдық жұмыс туралы czn_astana парақшасынан көріпті. 2018 жылы оқуын аяқтап қолына диплом алғаннан кейін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығына келіп, қоғамдық жұмысқа баруға жолдама алды.
Ал 2021 жылы әкім аппаратының Өндірістік-техникалық бөліміне тұрақты жұмысқа ауыстырылды. Арсен қоғамдық жұмыс істей жүріп көп тәжірибе жинағанын айтады. Қала тазалау, көгалдандыру, абаттандыру, қардан тазарту, қысқа дайындау секілді ауқымды жұмыстарды қалай жүргізу керектігін үйрендім. Сол себепті, Қоғамдық жұмыс бағдарламасы – жұмыссыздықпен күресте тиімді бағдарлама, дейді.
Жұмыспен қамтудың белсенді шарасы саналатын Қоғамдық жұмыс бағдарламасы тек жас мамандар үшін ғана емес, әр жастағы жұмыссыз азаматтар үшін зор мүмкіндік. Қоғамдық жұмыс – аула сыпырушы, тазалықшы секілді жұмысшылардан басқа – мұғалім, дәрігер, инженер, есепші, заңгер, көлік жүргізуші, іс жүргізуші, т.б маман иелеріне арналады. Бағдарламаға қатысушы ай сайын – 73 100 теңге көлемінде еңбекақы алады.