Жұмыссыздарға арналған ай сайынғы жәрдемақының орнына беріретін қайтарымсыз грант бар екенін білесіз бе?! Ол жаңа мамандықты игеріп, қажет құралдарды сатып алуға мүмкіндік береді. “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында Астана қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту Орталығы жұмыссыз азаматтарға арнайы тегін курс ұйымдастырады. Азаматтар мұнда еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандықтар бойынша қайта оқытылады.
«2019 жылы 913 адамды кәсіптік оқыту жоспарлануда. Жүргізілетін оқыту түрі жұмысшы мамандықтарымен тікелей байланысты. Оқуын сәтті аяқтаған азаматтарға өз кәсібін ашуға немесе жұмысқа орналасуға жәрдем береміз. Оқу барысында жұмыссыз азаматтарға 16759 теңгені құрайтын шәкіртақы төленеді» – деді Астана қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығының кәсіптік оқыту бөлімінің басшысы Азамат Байтасов.
2018 жылдың нәтижесі бойынша кәсіптік оқуды 733 адам оқып, 77 азамат мемлекеттік грант ұтып алған. Мемлекеттік грант алу үшін азамттар қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өтуі және міндетті түрде салық органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет. Одан кейін, бизнесс-жоспарын жасап, халықты жұмыспен қамту орталығына құжаттарын өткізеді. Сол құжаттар негізінде арнайы құрылған комиссия мемлекеттік грант тағайындайды.
Осындай грант иегері Дина Бекжанованың негізгі мамандығы мұғалім болғанымен бала күннен тігін ісіне қызығады. Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінген ол 2018 жылдың сәуір-шілде айларында тігінші мамандығы бойынша қысқа мерзімді оқу оқыпты. Оның сөзінше оқу Астана қаласындағы фабрикалардың бірінде өткен.
«Онда теория мен жақсы практика жинадым. 3 ай алған білімнен соң, Халықты жұмыспен қамту Орталығы «мемлекеттік грант алуға мүмкіндік бар, жаңадан оқу бітіргендерге кәсібін әрі қарай дөңгелетіп, құрал-жабдықтар алу үшін грант беріледі» деп айтқан соң, қуана-қуана құжаттарымды өткіздім, бинес-жоспар жаздым. Жасған бизнес-жоспарды комиссия алдында қорғап шығып, 100 айлық есептік көрсеткіш құрайтын грант ұтып алдым» – деп қосты кәсіптік білім алған бағдарлама қатысушысы.
Осылайша, Дина Бегжанова кәсіпке қажетті құрал көздерін сатып алып, ұлттық нақыштағы көрпе-жастық тігумен айналысатын жеке кәсібін ашты. Бүгінде грантқа сатып алған екі тігін машиналары арқылы тапсырыстар қабылдап, үйде өзінің сүйікті ісімен айналшысып отыр. Болашақта кәсібін кеңейтіп, тігін ательесін ашқысы келеді. Өзге қыздарды да тігін ісіне үйретсем дейді.
Айта кетейік, кәсіптік білім алуға жұмыспен қамту орталығына тұрақты жұмыс іздеп келген азаматтар, біліктілігін жоғалтқан немесе мамандығы жоқ азаматтар жолдама алады. Кәсіптік оқыту еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша ұйымдастырылады. Оқу дуалды модель бойынша жүргізіліп, ұзақтығы мамандыққа байланысты 1 айдан 3 ға дейін созылады. Кәсіптік білім аламын дейтін кез-келген азамат жұмыссыз ретінде тіркеуде болуы қажет. Оған жеке куәлік, еңбек кітапшасы және де білімін растайтын құжаттар қажет. Кәсіпьік оқытуға қатысамын дейтін азаматтар Астана қаласы, Бейбітшілік, 25 мекен-жайына келіп немесе 87172 95 44 16, 578978 байланыс нөміріне хабарласуына болады.