Шарасыз күйге түсірген шырғалаң шақта алдымен ағайынның амандығы назарға алынып, шаруаның көбі тұралап қалды. Дегенмен жұрттың нәпақасыз қалмауы үшін жұмыс істеуіне мүмкіндігінше жағдай жасалып жатыр. Бұл бағытта бас қалада біраз жұмыс жүйелі ұйымдастырылып, еңбекке тартылған елордалықтардың қатары да көбейді. Осындай ауқымды іс-шараларды ілгерілетуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы айтарлықтай септігін тигізуде.
15 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылады
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы халықты жұмыспен қамту мәселелерін жедел әрі жүйелі шешу мақсатында әзірленген. Бұл бағдарламаның аясында қосымша жұмыс орындары құрылады, сондай-ақ әлеуметтік, инженерлік-көлік инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, елді мекендерді абаттандыру жобаларын іске асыруға жұмысшылар тартылады.
Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласында 15 253 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Оның жартысына, яғни 7 627 бос орынға жұмыссыздарды орналастыру Халықты жұмыспен қамту орталығына жүктелген.
Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Бақытбек Қабжановтың айтуынша, бүгінгі таңда аталған бағдарлама аясында елордада 13 912 адам жұмыспен қамтылды. Оның 7 489-ы Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасты. Ал 6 423 бос жұмыс орны жұмыс берушілер тарапынан келген жұмыссыз азаматтарға берілді.
Жоғарыда келтіргендей, жол картасының бір бағыты – ортақ игілік үшін қолға алынған іргелі жобаларды орындауға жұмыс іздеп жүрген жұртты жұмылдыру. Айталық биыл елордада 151 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланған. Қазіргі таңда 148 нысан бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бағдарлама аясында мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер құрылысын жүргізу немесе жөндеу, инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі орташа және ағымдағы жөндеу, қайта жаңарту және салу, көгалдандыру бойынша бос жұмыс орындары ұсынылады.
Жалпы, бағдарлама шеңберінде қарастырылған жұмыстарға Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелгендер тартылады, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды іске асыратын жұмыс беруші-мердігерлерге уақытша тіркелген адамдарды қоса алғанда осы қалада тұратын жұмыссыздар жіберіледі. Бұдан бағдарлама негізінен тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуды көздейтінін байқауға болады.
Жол картасы бойынша бос жұмыс орындары туралы мәліметтер www.enbek.kz порталында жарияланады.
Аз уақытта 220 адам жаңа кәсіп меңгерді
Білікті маманға қоғамда қашанда сұраныс бар екені белгілі. Сондықтан жаһандану мен индустрияландыру жағдайында кадр даярлауды жақсарту мемлекет саясатындағы негізгі міндеттердің бірі екені сөзсіз. Елімізде жұмыссыздарды кәсіби даярлау, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатыр.
Аталған бағдарлама арқылы Нұр-Сұлтан қаласында осы жылы 220 адам кәсіптік білім беру, қайта даярлауды қамтитын оқуларға жіберілді. Арнайы курстар аспаз, кондитер, тігінші, шаштараз, кассир-бақылаушы, наубайшы, тәрбиеші-көмекші, анимация және бейнеграфика сияқты мамандықтар бойынша ұйымдастырылды. Нәтижесінде 52 адам – аспаз, 41 адам – шаштараз және 30 адам тігінші кәсібіне бейімделді. Осылайша елордада сұранысқа ие мамандардың қатары толықты.
Халықты жұмыспен қамту орталығының арнайы оқыту курстарына қатысуға бейілді азаматтардың жаңа кәсіп үйренуіне көмектесетін оқу ордасының бірі – Қоғамдық тамақтану және сервис колледжі. Қазір бұл жерде 30 адам арнайы курстардан өтіп жатыр. Оның 10-ы наубайшы болғысы келсе, 20 адам іс тігу шеберлігін шыңдағысы келеді. Колледж директорының кәсіби білім беру бойынша орынбасары Нұржанат Мұратқызының айтуынша, білім ошағында оқып, жаңа кәсіп меңгерген әрбір азамат жұмыспен қамтылады. Бұл тұрғыда бірнеше кәсіпорынмен, жеке кәсіпкерлермен арнайы келісімшарт жасалған. Мысалы, «Бал-жидек» ЖШС-де наубайшылар, «ВЕСТЕ» ательесінде осы колледждің курсынан өткен тігіншілер жұмыс істейді екен.
Бүгінге дейін Нұр-Сұлтан қаласында кәсіптік оқудан өткен азаматтардың 90 пайызы жұмысқа орналастырылған.
Жаңа кәсіп үйреніп, курсқа қатысып жүргендердің бірі – Ақмарал Қосжанова. Ол он жеті жылға жуық салық саласында, мемлекеттік қызметте жұмыс істепті. Алайда өзінің жеке бизнесін ашу туралы біраздан ойлап жүрген. Осыдан бірнеше ай бұрын Халықты жұмыспен қамту орталығына келіп, кәсіптік оқыту бойынша тегін курсқа қатысу үшін өтініш қалдырған болатын. Қазір ол тігінші курсында оқып жүр. Бүгінге дейін көрпе-жастық, перде тігуді жақсы меңгеріпті. Ақмарал дизайнерлік үлгідегі киім тігіп, жеке кәсіп ашып, өз брендін қалыптастыруды армандайды.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға мамандығы жоқ немесе еңбек нарығында сұранысқа ие емес мамандық иелері, біліктілігін жоғалтып алған және мамандығын ауыстырғысы келетін азаматтар қатыса алады. Кәсіптік оқытудың ұзақтығы кәсіптің ерекшелігіне қарай бір айдан үш айға дейінгі мерзімді құрайды.
Бағдарлама қатысушыларының мемлекеттік қолдау мен шәкіртақымен қамтылуы бұл бастамаға қызығушылық танытатындарды да арттыра түседі. Ал биылғы кәсіптік оқыту бойынша курстарға қабылдау аяқталды. Сондықтан алдағы жылдың жаңалықтарына талапты елордалықтардың құлағы түрік жүргені жөн.
«Жастар тәжірибесіне» талаптанатындар көп
«Жас келсе – іске» дегендей, жастарды мейлінше молынан жұмыспен қамту мәселесі де «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған. Бұл үшін арнайы бір бағыт ретінде жастар практикасы белгіленді. Оның аясында жұмыссыз жүрген жастар «екі қолға – бір күрек» тауып, тәжірибе жинауға мол мүмкіндік алады. Іс-тәжірибеден өтуге келгендерге жалақы да төленеді. Нақтырақ айтсақ, талапты жастар ай сайын 76 800 теңге қаражат алады. Бұл көпшілікті айтарлықтай ынталандырып, мамандығын терең меңгеруге, тәжірибе жинауға талаптанған жастардың қатары көбейген.
Осы бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқан жас маманның бірі – Ерасыл Серікұлы. Ол Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің «Ядролық физика» мамандығы бойынша білім алған. Қолына дипломын алған соң елордадағы Халықты жұмыспен қамту орталығына келіп, «Жастар практикасы» бағдарламасына тіркелді. Іс-тәжірибеден өту үшін Қарулы Күштердің «Жас сарбаз» әскери патриоттық ұйымына жұмысқа жіберілді. Алдағы уақытта Ерасыл осы ұйымда тұрақты жұмысқа қабылданады.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықты жұмыспен қамту орталығы жыл басынан бері 602 жас маманды жұмысқа жіберді. Оның 188-і тәжірибеден өтсе, 22 жас маман тұрақты жұмыспен қамтылды. Олар қазір түрлі мекеме мен кәсіпорындарда еңбек етеді. Аталған орталық «Жастар практикасы» бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы 269 мекемемен келісімшарт жасады. Бұл жерде 1700-ге жуық бос орын берілген.
«Жастар практикасы» – тиімділігімен танылған мемлекеттік бағдарламаның бірі. Түлектерді жұмысқа бейімдеу мақсатында қолға алынған бастамаға техникалық және кәсіптік білім алған, жоғары оқу орындарын бітірген 29 жасқа дейінгі түлектер қатысады. Іс-тәжірибе жинақтау бағдарламасының ұзақтығы 6 айдан аспайды. Яғни, «Жастар практикасы» оқуын аяқтаған жастардың 3 жыл ішінде алған кәсібі немесе мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына үлкен септігін тигізеді.
«Жастар практикасына» қатысқысы келетіндер Халықты жұмыспен қамту орталығына тіркелуі қажет. Өтінім беру үшін жеке куәліктің көшірмесін, бар болса еңбек кітапшасының көшірмесін, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі жоғары білімі бар екенін растайтын құжаттың көшірмесін қоса тапсыру керек.
Карантинде сұранысқа ие мамандықтар
Нұр-Сұлтан қаласында құрылыс, сауда, тамақтану және денсаулық сақтау саласындағы мамандықтарға сұраныс көп. Әсіресе жұмысшылар, жүк көлігі жүргізушілері мен монтажшылар жетіспей жатыр. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Тарқатып айтар болсақ, құрылыс саласында прораб, шебер, тас қалаушы, арматурашы, инженер-сметашы, бетоншы, өндірістік-техникалық бөлім инженері, әртүрлі жұмыс істеуші жұмысшылар қажет. Ал сауда саласында сатушы, кассир, менеджер, супервайзер, мерчендайзер сияқты кадрлардың тапшылығы байқалады.
Денсаулық сақтау жүйесінде дәрігер, медбике, санитарлар жетіспей жатса, тамақтану саласында түрлі тағамдар цехына аспаз, ас үй қызметкері, наубайшы, кондитерлер керек.
7 қазанда Халықты жұмыспен қамту орталығының «Электронды еңбек биржасы» порталында сұранысқа ие 1 678 бос орын жарияланды. 653 жұмыс берушіден 5 712 бос жұмыс орны тіркелген. Оның ішінде 313-і – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған вакансия.
Сондай-ақ икемді жұмыс кестесі бар 89 жұмыс орны тіркелген. Жастарға арналған бос орындар – 1 315. Пробация қызметінде есепте тұрған азаматтар да қаперге алынып, 10 кәсіпорын 394 жұмыс орнын ұсынған.
Ал ұсынылған жұмыстарының ақысына келсек, 2 085 адам 100 000 теңге көлемінде жалақы алса, 2 090 адамға 150 000 теңгеге дейін еңбекақы тағайындалған. Сондай-ақ 1 537 адамның жалақысы 150 000 теңгеден асады.
Жоғарыда атап өткендей, елордадағы Халықты жұмыспен қамту орталығы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Жастар тәжірибесі», «Әлеуметтік жұмыс орындары» және «Қоғамдық жұмыстар» бойынша бос жұмыс орындарын ұсынады.
Өз идеяңды іске асыруға қолдау көрсетеді
Астанада өмір сүріп отырған ортаңды жақсартуға үлесіңді қосып, әлеуметтік идеяларыңды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Яғни, тың бастамасы, ұтымды ұсынысы бар белсенді тұрғындарға Азаматтық бастамалар орталығының есігі әрдайым ашық. Бұл орталық белсенділер мен үкіметтік емес ұйымдардың идеяларын жобаға айналдыруға, іске асыруға көмек көрсетеді.
«Біз ақпараттық-әдістемелік қолдау, консультациялар, оқыту сияқты көмек көрсетеміз және үйлестіру нетворкингін құрамыз. Яғни, бір-бірімізге қажетті ұйымдарды, адамдарды біріктіреміз. Жергілікті деңгейде де, ұлттық деңгейде де өзгерістер бойынша ұсыныстар дайындауға көмектесеміз. Сондай-ақ адамдардың ойын тыңдап, оны жобаға айналдыруға көмектесеміз», деді елордалық Азаматтық бастамалар орталығының директоры Махаббат Еспенова.
Аталған орталықта жобалардың құнын есептеу, қаржыландыру бойынша да қолдау көрсетіледі. Мұнда өз бастамаларымен келетін азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдардың идеялары өте көп. Олар көбіне қаладағы ортаны жақсарту, экология, инклюзивті білім беру, ұлттық бірегейлікті жаңғырту мәселелеріне көңіл аударады.
«Жаз мезгілінде біз аудан әкімдіктері жүзеге асыратын «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша тұрғындарға аулаларды абаттандыруға қалай өтініш жазатынын үйретеміз. Сондай-ақ біз жүйелі оқыту, ерекше қажеттіліктері бар балаларды бейімдеу, инклюзивті білім беру, тарихи реконструкция клубын құру бойынша көмек көрсету жобаларын ұсынамыз», деді орталық директоры.
Табысты бастаманың бірі жасөспірімдерді және өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдауға бағытталған «Asyl Urpaq Jarqyn» жобасы болды. Бұл шығармашылық үшін кеңістік ұйымдастыруға, жастардың қабілетін, шығармашылық әлеуетін тиімді дамытуға, әрбірі үшін қолайлы жағдай жасауға мамандандырылған. Жоба бойынша қыздарға арналған тігін сабақтары өткізілді.
Идея авторы Жанель Асыл «Birgemiz: Sabaqtastyq» жалпыұлттық жобасы аясында елордалық Азаматтық бастамалар орталығының қолдауымен «Kazbrands» қоғамдық қорының шағын грантын жеңіп алды.
Азаматтық бастамалар орталығы директорының айтуынша, жыл басынан бері орталықта 500-дей кеңес өткізіліп, сол арқылы 5 ҮЕҰ қаржылық қолдау алды. 56 бала тағылымдамадан өтіп, оның 29-ы жұмыс тапты. Орталықта оқыту іс-шаралары, конференциялар ұйымдастырылды.
Пандемия кезінде белсенділік танытқан азаматтар аз болған жоқ. Оның бір мысалын волонтерлік қозғалыстардың көбейгенінен байқауға болады. Қаланың қайырымды тұрғындары қысылтаяң кезеңде халыққа қамқор болып, дәрі-дәрмек, азық-түлік сияқты қажетті заттарды таратуға қолғабыс етті. Әлеуметтік мәселелерді шешуге де бейжай қарамайтын елордалықтар Азаматтық бастамалар орталығына келіп, ұдайы өз идеяларын ұсынып отырады.
Құлағыңыз түрік жүрсін
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілердің назарына 2021 жылдың қоғамдық жұмыстарын ұйымдастыру үшін өтінімдерді қабылдау басталғанын хабарлайды.
Қоғамдық жұмыстар – қызметкердің алдын ала кәсіптік даярлаудан өтуін талап етпейтін Халықты жұмыспен қамту орталығы ұйымдастыратын еңбек қызметінің түрлері. Қоғамдық жұмыстар республикалық немесе жергілікті бюджет қаражаты шегінде қаржыландырылады және өңір үшін экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тиімділік мақсатында құрылады.
Толық ақпарат және қажетті құжаттар тізімі бар өтінім бланкісі орталықтың www.czn.kz ресми сайтында орналастырылған. Өтініштер «Documentolog» электронды құжат айналымы жүйесінің көмегімен қабылданады (egov.kz – электронды үкімет порталы арқылы).
Сұрақтар болса, Нұр-Сұлтан қаласы Бейбітшілік көшесі, 25 мекенжайына («Өркен» БО 2-қабат, 202/2-кабинет) жүгінуге болады немесе 51-89-35; 72-93-56 телефондарына хабарласа аласыз.
* * *
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы 2021 жылға әлеуметтік жұмыс орнын ұйымдастыру үшін өтінімдерді қабылдайтынын хабарлайды.
Әлеуметтік жұмыс орны – жұмыссыздардың жалақысын субсидиялай отырып, жұмысқа орналастыру үшін Халықты жұмыспен қамту орталығымен шарттық негізде жұмыс беруші құратын жұмыс орны.
Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған жұмыссыздардың жалақысына берілетін ай сайынғы субсидия мөлшері салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыны ескере отырып, экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда белгіленген жалақы мөлшерінің 35%-ын құрайды. Бірақ тиісті қаржы республикалық бюджет туралы заңда айқындалған ең төменгі жалақы мөлшерінен аспайды.
Толық ақпарат және қажетті құжаттар тізімі бар өтінім бланкісі орталықтың www.czn.kz ресми сайтында орналастырылған.
Дереккөз: https://egemen.kz/article/251598-enhbekke-beyim-elordalyqtar