2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыруға, медициналық сақтандыру жүйесіне, әлеуметтік және зейнетақы төлемдеріне қатысуды жеңілдету үшін енгізілген Бірыңғай жиынтық төлем жүргізілуде.
Бірыңғай жиынтық төлем 4 төлемнен тұрады: жеке табыс салығы, зейнетақы төлемдері, әлеуметтік төлемдер, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі алымдар. Қала және ауыл тұрғындары табысының айырмашылығын ескере отырып, Бірыңғай жиынтық төлем сомасы 2019 жылы қала тұрғындары үшін 1 АЕК (2651 теңге), ауыл тұрғындары үшін 0,5 АЕК-ті (1325,5 теңге) құрайды.
Бірыңғай жиынтық төлем төлеу азаматтарға:
– міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға және медициналық мекемені таңдау құқығымен медициналық қызметтерге қолжеткізуге;
– жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға және зейнеткерлік жасқа жеткен кезде жүйеге қатысу мерзіміне байланысты базалық зейнетақы төлемін алуға мүмкіндік береді. Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында өздерінің зейнетақы жинақтарын толықтырумен қатар еңбек өтілі бекітілетіндіктен, базалық зейнетақыны жоғарылатылған мөлшерде алады;
– еңбек ету қабілетінен айырылған, асыраушысынан айырылған, жүктілікке және босануға, бала асырап алуға, 1 жасқа дейінгі балаға күтім көрсетуге байланысты әлеуметтік төлем алуға мүмкіндік береді.
Бірыңғай жиынтық төлемді ЖСН арқылы бейресми жұмыспен қамтылғандар екінші деңгейлі банктер, «Қазпошта» бөлімшелері, сондай-ақ мобильді банк қосымшалары (kaspi.kz, smart astana) арқылы төлей алады.
Анықтама алу үшін: 55-68-11, 72-93-58 телефондарына хабарласыңыз.