2 топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматша Сәуле Құрманованың жасы 46-да. Білімі жоғары. Алматы экономика және статистика академиясында оқып, бухгалтер мамандығын алған. Ұзақ жылдар бойы Қарағанды облысы Нұра ауданындағы «Қазпошта» қызметінің оператор маманы болып жұмыс істеген. Өткен жылы Астана қаласына қоныс аударған соң бас қаладан өзіне тұрақты жұмыс іздейді.
Түрлі хабарландырулар мен әлеуметтік желілерден жұмыс іздеп таппаған соң, Астана қаласында жұмыспен қамту орталығы бар екенін есітеді. Осы жылдың қаңтар айында құжаттарын алып келген Сәуле Құрманованың түйіндемесін мамандар елордадағы бос жұмыс орындары бар мекемелерге жөнелтіп, ұсыныс хат жазады. Араға көп уақыт салмай, Астана қалалық халықты жұмыспен қамту Орталығы «Қазпошта» АҚ-ның Астана қаласындағы бөлімшесіне жолдама береді. Жұмыс беруші тарапынан ұйымдастырылған әңгімелесуден сәтті өкен Сәуле Құрманова осылайша тұрақты жұмысқа қабылданады.
Астана қаласы «Халықты жұмыспен қамту Орталығының» маңызды бағыттарының бірі – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетіп, оларды жұмыспен қамтамасыз ету. Сондай-ақ, “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жұмыспен қамту орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға біліктілігін жетілдіріп, қайта оқып, қысқа мерзімді курстардан өтуге мүмкіндік беріледі.
Айта кеткен жөн, жыл басынан бері 200 ден астам мүмкіндігі шектеулі азамат орталық қызметіне жүгінген, оның 174-і қоғамдық жұмыстарға орналасса, 30 ға жуығы тұрақты жұмыспен қамтылған.
Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа тұрамын дейтін мүмкіндігі шектеулі азаматтар ЭЦҚ кілті, жеке куәлік, білім туралы құжат (диплом), еңбек кітапшасы, мүгедектік туралы анықтамасын алып, Бейбітшілік көшесі, 25 мекен-жайына келуі қажет (87172 95-44-21).
Сондай-ақ, бос жұмыс орындарды «www.enbek.kz» сайтынан да көруге болады.