Биыл Нұр-Сұлтанда “Еңбек” бағдарламасы бойынша 220 адам кәсіптік оқытуға және қайта даярлауға жіберілді. Олар арнайы ұйымдастырылған курстарда жаңа білім алды.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға мамандығы жоқ, еңбек нарығында сұранысы төмен немесе біліктілігін жоғалтқан және мамандығын ауыстырғысы келетін азаматтар қатыса алады.
Кәсіптік оқыту ұзақтығы 2020 жылы үш айға дейін жалғасады. Бағдарламаға қатысушыларды 5556 теңге көлемінде қаржылық қолдаумен және 21 787 теңге көлемінде шәкіртақымен қамтамасыз етеді.
Кәсіптік білім беру курстары еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша ұйымдастырылады. Ал кадрларға деген қажеттілік жұмыс берушілердің өтінімдерімен анықталады. Биыл сұранысқа ие сегіз мамандық: аспаз, кондитер, тігінші, пішуші, шаштараз, кассир-бақылаушы, наубайшы, тәрбиешінің көмекшісі.
“Қысқа мерзімді кәсіптік курстарға қатысып, тегін оқу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша Халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс. Жеке куәлік, оқу орнын бітіргені туралы құжат (орта білім туралы аттестат немесе жоғары білім туралы диплом) қажет. Елордалықтар Бейбітшілік, 25 үй, «Өркен» ІО орналасқан “Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына” жүгінуі керек”, – деп атап өтті Жұмыспен қамту орталығында.
Мамандардың айтуынша, биылғы жылы кәсіптік қайта оқыту курстарына өтінімдер қабылдау аяқталған. Сұрақтар бойынша мына нөмірлерге хабарласуға болады: 7(7172) 95 44 18; 95 44 16, 8 777 116 82 73.