Бүгін Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ «Жастар» сарайында «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін» өткізді.
Жәрмеңкеге құрылыс, білім беру, медицина, сауда, көлік-логистика, қаржы және т.б. түрлі қызмет түрлерінен 50-ден астам жұмыс беруші қатысты. Жұмыс берушілер тарапынан мемлекеттік және жеке кәсіпорындардағы тұрақты және уақытша жұмыс орындарына 750-ден астам бос жұмыс орындары ұсынылды.
«Банк ЦентрКредит» АҚ филиалы; «Жасыл-Жер» ЖШС; «Олимп Медикус» ЖШС; «Қазақтелеком» АҚ; Астана қаласы әкімдігінің «Астана ветеринариялық қызметі» ШЖҚ КГП; «Kazakhstan Food Company» KAZBRAND» ЖШС және т.б. компаниялар қатысты.
Астана Мансап орталығының қызметкерлері «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламалары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, кәсіптік оқыту және «enbek.kz» порталымен жұмыс жасау бойынша кеңестер берді.
«Бүгінгі жәрмеңкенің ерекшелігі – жұмыс берушілер бес облыстан келді. Олар жұмысқа орналасу және қаржылай көмек көрсету арқылы аймаққа көшу бағдарламасын ұсынды. Сондай-ақ, жастарды босқа уақыт өткізбеуге шақырғым келеді. Бізде сіздерге ұсынатын жұмыс бар. Қазіргі таңда «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы аясында мемлекеттік және жеке меншіктегі әртүрлі мамандықтар бойынша 1000 бос жұмыс орны бар, 100-ге жуық жұмыс берушілер сіздерді жұмысқа қабылдауға дайын», – деп «Еңбек мобильділігі орталығының» КММ директоры Олжас Омар түсіндірді.
Сондай-ақ, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында азаматтарға Абай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Павлодар облыстарына қоныс аудару бойынша кеңестер берілді.
Жаңа тұрғылықты жерінде ерікті өңіраралық қоныс аударуды мемлекеттік қолдау мыналарды қамтиды:
1) көшуге материалдық көмек көрсету;
Бағдарламаға қатысушыларға және олардың отбасы мүшелеріне, сондай – ақ жалғызбасты адамдарға, отбасылық жағдайына қарамастан, көшуге материалдық көмек көрсетіледі-бір уақытта отбасының басшысы мен әрбір мүшесіне 70 АЕК (241 500 теңге) мөлшерінде.
2) тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеу;
Бағдарламаға қатысушының отбасына, оның ішінде жалғызбасты отбасыларына тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығыстарды өтеуге – ай сайын, он екі ай ішінде мынадай мөлшерде материалдық көмек көрсетіледі:
ауылдық жерлерге қоныс аударғандар үшін:
– бір адам үшін 15 АЕК (51 750 теңге) мөлшерінде;
– отбасы мүшелерінің саны екіден төртке дейін болған кезде 18 АЕК (62 100 теңге) мөлшерінде;
– отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп болған кезде 21 АЕК (72 450 теңге) мөлшерінде.
3) экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру – тұрғын үй сатып алу, салу үшін ақшалай төлем немесе тұрғын үй сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарна нысанындағы материалдық көмек.
Экономикалық ұтқырлық сертификаты қандастар мен қоныс аударушыларға келу өңіріндегі тұрақты тұратын елді мекенде тұрғын үй сатып алу кезінде беріледі. Экономикалық ұтқырлық сертификаты отбасына тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде, бірақ 4 млн. теңгеден аспайтын мөлшерде беріледі.
«Еңбек мобильділігі орталығы» КММ баспасөз қызметі