Еңбекке бейім елордалықтар

Жарияланған күні:
2020-9-10 сағат 23:25

Шарасыз күйге түсірген шырғалаң шақта алдымен ағайынның амандығы назарға алынып, шаруаның көбі тұралап қалды. Дегенмен жұрттың нәпақасыз қалмауы үшін жұмыс істеуіне мүмкіндігінше жағдай жасалып жатыр. Бұл бағытта бас қалада біраз жұмыс жүйелі ұйымдастырылып, еңбекке тартылған елордалықтардың қатары да көбейді. Осындай ауқымды іс-шараларды ілгерілетуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы айтарлықтай септігін тигізуде.

15 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылады

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы халықты жұмыспен қам­ту мәселелерін жедел әрі жүйелі шешу мақсатында әзірленген. Бұл бағ­дарламаның аясында қосымша жұмыс орындары құрылады, сондай-ақ әлеу­меттік, инженерлік-көлік ин­фра­құ­ры­лымды және тұрғын үй-ком­мунал­дық ша­руашылықты дамыту, елді мекен­дерді абаттандыру жобаларын іске асы­руға жұмысшылар тартылады.

Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жыл­­дарға арналған жол картасы бойын­ша­ Нұр-Сұлтан қаласында 15 253 жаңа жұ­мыс орнын құру көзделген. Оның жартысына, яғни 7 627 бос орынға жұ­мыс­сыздарды орналастыру Халықты жұ­мыспен қамту орталығына жүктелген.

Халықты жұмыспен қамту орта­лы­ғының директоры Бақытбек Қабжанов­тың айтуынша, бүгінгі таңда аталған бағ­дарлама аясында елордада 13 912 адам жұмыспен қамтылды. Оның 7 489-ы­ Ха­лықты жұмыспен қамту орталығы ар­қылы жұмысқа орналасты. Ал 6 423 бос жұмыс орны жұмыс берушілер тара­пынан келген жұмыссыз азаматтарға берілді.

Жоғарыда келтіргендей, жол карта­сының бір бағыты – ортақ игілік үшін қол­­ға алынған іргелі жобаларды орын­дау­ға жұмыс іздеп жүрген жұртты жұ­мыл­дыру. Айталық биыл елордада 151 ин­фрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланған. Қазіргі таңда 148 нысан бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бағдарлама аясында мектептер, ауру­­ханалар, тұрғын үйлер құрылысын жүр­­гізу немесе жөндеу, инженерлік-көлік ин­фра­­құрылымын күрделі орташа және ағым­­дағы жөндеу, қайта жаңарту және салу, көгалдандыру бойынша бос жұмыс орындары ұсынылады.

Жалпы, бағдарлама шеңберінде қарас­тырылған жұмыстарға Халықты жұмыс­пен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелгендер тартылады, сондай-ақ ин­фрақұрылымдық жобаларды іске асыратын жұмыс беруші-мердігерлерге уа­қытша тіркелген адамдарды қоса алғанда осы қалада тұратын жұмыссыздар жібе­ріледі. Бұдан бағдарлама негізінен тұр­ғын­дарды тұрақты жұмыспен қамтуды көз­дейтінін байқауға болады.

Жол картасы бойынша бос жұмыс орындары туралы мәліметтер www.enbek.kz порталында жарияланады.

Аз уақытта 220 адам жаңа кәсіп меңгерді

Білікті маманға қоғамда қашанда сұраныс бар екені белгілі. Сондықтан жа­һандану мен индустрияландыру жағ­дайында кадр даярлауды жақсарту мем­лекет саясатындағы негізгі мін­дет­тер­дің бірі екені сөзсіз. Елімізде жұмыс­сыз­дарды кәсіби даярлау, қысқа мерзімді кә­сіп­тік оқыту мемлекеттік «Еңбек» бағ­дар­ламасының аясында жүзеге асырылып жатыр.

Аталған бағдарлама арқылы Нұр-Сұлтан қаласында осы жылы 220 адам кәсіптік білім беру, қайта даярлауды қам­титын оқуларға жіберілді. Арнайы курстар аспаз, кондитер, тігінші, шаштараз, кассир-бақылаушы, наубайшы, тәр­биеші-көмекші, анимация және бейнеграфика сияқты мамандықтар бойынша ұйымдастырылды. Нәтижесінде 52 адам – аспаз, 41 адам – шаштараз және 30 адам тігінші кәсібіне бейімделді. Осылайша елордада сұранысқа ие мамандардың қатары толықты.

Халықты жұмыспен қамту орталы­ғының арнайы оқыту курстарына қаты­суға бейілді азаматтардың жаңа кәсіп үй­рен­уіне көмектесетін оқу ордасының бірі – Қоғамдық тамақтану және сервис кол­леджі. Қазір бұл жерде 30 адам арнайы курстардан өтіп жатыр. Оның 10-ы наубайшы болғысы келсе, 20 адам іс тігу шеберлігін шыңдағысы келеді. Колледж директорының кәсіби білім беру бойынша орынбасары Нұржанат Мұратқызының айтуынша, білім ошағында оқып, жаңа кәсіп меңгерген әрбір азамат жұмыспен қам­тылады. Бұл тұрғыда бірнеше кәсіп­орынмен, жеке кәсіпкерлермен арна­йы келісімшарт жасалған. Мысалы, «Бал-жидек» ЖШС-де наубайшылар, «ВЕСТЕ» ательесінде осы колледждің кур­сынан өткен тігіншілер жұмыс істейді екен.

Бүгінге дейін Нұр-Сұлтан қаласында кәсіптік оқудан өткен азаматтардың 90 па­йызы жұмысқа орналастырылған.

Жаңа кәсіп үйреніп, курсқа қатысып жүргендердің бірі – Ақмарал Қосжанова. Ол он жеті жылға жуық салық саласында, мемлекеттік қызметте жұмыс істепті. Алай­да өзінің жеке бизнесін ашу туралы біраздан ойлап жүрген. Осыдан бір­неше ай бұрын Халықты жұмыспен қамту орталығына келіп, кәсіптік оқыту бойынша тегін курсқа қатысу үшін өтініш қалдырған болатын. Қазір ол тігінші курсында оқып жүр. Бүгінге дейін көрпе-жастық, перде тігуді жақсы меңгеріпті. Ақмарал дизайнерлік үлгідегі киім тігіп, жеке кәсіп ашып, өз брендін қалыптастыруды армандайды.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға маман­дығы жоқ немесе еңбек нарығында сұра­ныс­қа ие емес мамандық иелері, білік­тілігін жоғалтып алған және мамандығын ауыс­тырғысы келетін азаматтар қатыса алады. Кәсіптік оқытудың ұзақтығы кәсіп­тің ерекшелігіне қарай бір айдан үш айға дейінгі мерзімді құрайды.

Бағдарлама қатысушыларының мем­лекеттік қолдау мен шәкіртақымен қам­тылуы бұл бастамаға қызығушылық та­ны­татындарды да арттыра түседі. Ал биылғы кәсіптік оқыту бойынша курс­тарға қабылдау аяқталды. Сондықтан ал­дағы жылдың жаңалықтарына талапты елор­далықтардың құлағы түрік жүргені жөн.

«Жастар тәжірибесіне» талаптанатындар көп

«Жас келсе – іске» дегендей, жастар­ды мейлінше молынан жұмыспен қам­ту мәселесі де «Еңбек» мемлекеттік бағ­­дар­ламасында қарастырылған. Бұл үшін арнайы бір бағыт ретінде жастар прак­тикасы белгіленді. Оның аясында жұмыссыз жүрген жастар «екі қолға – бір күрек» тауып, тәжірибе жинауға мол мүмкіндік алады. Іс-тәжірибеден өту­ге келгендерге жалақы да төленеді. Нақ­тырақ айтсақ, талапты жастар ай сайын 76 800 теңге қаражат алады. Бұл көп­шілікті айтарлықтай ынталандырып, ма­ман­дығын терең меңгеруге, тәжірибе жи­науға талаптанған жастардың қатары көбейген.

Осы бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқан жас маманның бірі – Ерасыл Серікұлы. Ол Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің «Ядролық физика» мамандығы бойынша білім алған. Қолына дипломын алған соң елордадағы Халықты жұмыс­пен қамту орталығына келіп, «Жастар практикасы» бағдарламасына тіркелді. Іс-тәжірибеден өту үшін Қару­лы Күштердің «Жас сарбаз» әскери патриот­тық ұйымына жұмысқа жіберілді. Алдағы уақытта Ерасыл осы ұйымда тұрақты жұ­мыс­қа қабылданады.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықты жұмыспен қамту орталығы жыл басынан бері 602 жас маманды жұмысқа жіберді. Оның 188-і тәжірибеден өтсе, 22 жас маман тұрақты жұмыспен қамтылды. Олар қазір түрлі мекеме мен кәсіпорындарда ең­б­ек етеді. Аталған орталық «Жастар прак­тикасы» бойынша Нұр-Сұлтан қала­сындағы 269 мекемемен келісімшарт жасады. Бұл жерде 1700-ге жуық бос орын беріл­ген.

«Жастар практикасы» – тиімділігімен танылған мемлекеттік бағдарламаның бірі. Түлектерді жұмысқа бейімдеу мақ­сатында қолға алынған бастамаға техни­калық және кәсіптік білім алған, жоғары оқу орындарын бітірген 29 жасқа дейінгі тү­лектер қатысады. Іс-тәжірибе жинақтау бағ­дарламасының ұзақтығы 6 айдан ас­пайды. Яғни, «Жастар практикасы» оқуын аяқтаған жастардың 3 жыл ішінде ал­ған кәсібі немесе мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына үлкен септігін тигізеді.

«Жастар практикасына» қатысқысы келетіндер Халықты жұмыспен қамту орталығына тіркелуі қажет. Өтінім беру үшін жеке куәліктің көшірмесін, бар болса еңбек кітапшасының көшірмесін, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі жоғары білімі бар екенін растайтын құжаттың көшірмесін қоса тапсыру керек.

Карантинде сұранысқа ие мамандықтар

Нұр-Сұлтан қаласында құрылыс, сау­да, тамақтану және денсаулық сақтау сала­сындағы мамандықтарға сұраныс көп. Әсіресе жұмысшылар, жүк көлігі жүргі­зушілері мен монтажшылар жетіс­пей жатыр. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Тарқатып айтар болсақ, құрылыс саласында прораб, шебер, тас қалаушы, арматурашы, инженер-сметашы, бетоншы, өн­дірістік-техникалық бөлім инженері, әр­түрлі жұмыс істеуші жұмысшылар қа­жет. Ал сауда саласында сатушы, кассир, менеджер, супервайзер, мерчендай­зер сияқты кадрлардың тапшылығы бай­қалады.

Денсаулық сақтау жүйесінде дәрігер, медбике, санитарлар жетіспей жатса, та­мақ­тану саласында түрлі тағамдар цехына аспаз, ас үй қызметкері, наубайшы, кон­дитерлер керек.

7 қазанда Халықты жұмыспен қамту орта­лығының «Электронды еңбек биржасы» порталында сұранысқа ие 1 678 бос орын жарияланды. 653 жұмыс берушіден 5 712 бос жұмыс орны тіркелген. Оның ішін­де 313-і – мүмкіндігі шектеулі аза­мат­тарға арналған вакансия.

Сондай-ақ икемді жұмыс кестесі бар 89 жұмыс орны тіркелген. Жастарға ар­налған бос орындар – 1 315. Пробация қыз­метінде есепте тұрған азаматтар да қа­перге алынып, 10 кәсіпорын 394 жұмыс орнын ұсынған.

Ал ұсынылған жұмыстарының ақы­­­сына келсек, 2 085 адам 100 000 тең­­ге көлемінде жалақы алса, 2 090 адамға 150 000 теңгеге дейін еңбекақы тағайындалған. Сондай-ақ 1 537 адамның жалақысы 150 000 тең­геден асады.

Жоғарыда атап өткендей, елордадағы Халықты жұмыспен қамту орталығы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Жастар тәжірибесі», «Әлеуметтік жұмыс орындары» және «Қоғамдық жұмыстар» бойынша бос жұмыс орындарын ұсынады.

Өз идеяңды іске асыруға қолдау көрсетеді

Астанада өмір сүріп отырған ортаңды жақсартуға үлесіңді қосып, әлеуметтік идеяларыңды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Яғни, тың бастамасы, ұтымды ұсы­нысы бар белсенді тұрғындарға Азамат­тық бастамалар орталығының есігі әр­дайым ашық. Бұл орталық белсенділер мен үкіметтік емес ұйымдардың идеяларын жобаға айналдыруға, іске асыруға кө­мек көрсетеді.

«Біз ақпараттық-әдістемелік қолдау, консультациялар, оқыту сияқты көмек көр­сетеміз және үйлестіру нетворкингін құ­рамыз. Яғни, бір-бірімізге қажетті ұйым­дарды, адамдарды біріктіреміз. Жер­гілікті деңгейде де, ұлттық деңгейде де өзгерістер бойынша ұсыныстар да­йын­дауға көмектесеміз. Сондай-ақ адам­дардың ойын тыңдап, оны жо­баға айналдыруға көмектесеміз», деді елор­далық Азаматтық бастамалар орта­лығының директоры Махаббат Еспенова.

Аталған орталықта жобалардың құ­нын есептеу, қаржыландыру бойынша да қол­дау көрсетіледі. Мұнда өз бастамала­рымен келетін азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдардың идеялары өте көп. Олар көбіне қаладағы ортаны жақсарту, экология, инклюзивті білім беру, ұлттық біре­гейлікті жаңғырту мәселелеріне көңіл аударады.

«Жаз мезгілінде біз аудан әкімдіктері жүзеге асыратын «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша тұрғындарға аулаларды абаттандыруға қалай өтініш жазатынын үйретеміз. Сондай-ақ біз жүйелі оқыту, ерекше қажеттіліктері бар балаларды бейімдеу, инклюзивті білім беру, тарихи реконструкция клубын құру бойынша көмек көрсету жобаларын ұсынамыз», деді орталық директоры.

Табысты бастаманың бірі жасөспірім­дерді және өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдауға бағытталған «Asyl Urpaq Jarqyn» жобасы болды. Бұл шығармашылық үшін кеңістік ұйым­дас­тыруға, жастардың қабілетін, шығар­машылық әлеуетін тиімді дамытуға, әр­­бірі үшін қолайлы жағдай жасауға ма­мандандырылған. Жоба бойынша қыз­дар­ға арналған тігін сабақтары өткізілді.

Идея авторы Жанель Асыл «Birgemiz: Sabaqtastyq» жалпыұлттық жобасы аясында елордалық Азаматтық бастамалар орта­лығының қолдауымен «Kazbrands» қоғам­дық қорының шағын грантын жеңіп алды.

Азаматтық бастамалар орталығы ди­ректорының айтуынша, жыл басынан бері орталықта 500-дей кеңес өткізіліп, сол арқылы 5 ҮЕҰ қаржылық қолдау ал­ды. 56 бала тағылымдамадан өтіп, оның 29-ы жұмыс тапты. Орталықта оқы­ту іс-шаралары, конференциялар ұйымдас­тырылды.

Пандемия кезінде белсенділік таныт­қан азаматтар аз болған жоқ. Оның бір мы­салын волонтерлік қозғалыстардың көбей­генінен байқауға болады. Қаланың қайы­рымды тұрғындары қысылтаяң кезеңде халыққа қамқор болып, дәрі-дәрмек, азық-түлік сияқты қажетті заттарды таратуға қолғабыс етті. Әлеуметтік мәселелерді шешуге де бейжай қара­майтын елордалықтар Азаматтық бас­та­малар орталығына келіп, ұдайы өз идея­­ларын ұсынып отырады.

Құлағыңыз түрік жүрсін

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілердің назарына 2021 жылдың қоғамдық жұмыстарын ұйымдастыру үшін өтінімдерді қабылдау басталғанын хабарлайды.

Қоғамдық жұмыстар – қызметкердің алдын ала кәсіптік даярлаудан өтуін талап етпейтін Халықты жұмыспен қамту орталығы ұйымдастыратын еңбек қызметінің түрлері. Қоғамдық жұмыстар республикалық немесе жергілікті бюджет қаражаты шегінде қаржыландырылады және өңір үшін экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тиімділік мақсатында құрылады.

Толық ақпарат және қажетті құжаттар тізімі бар өтінім бланкісі орталықтың www.czn.kz ресми сайтында ор­наластырылған. Өтініштер «Documentolog» электронды құжат айналымы жүйесінің көмегімен қабылданады (egov.kz – электронды үкімет порталы арқылы).

Сұрақтар болса, Нұр-Сұлтан қаласы Бейбітшілік көшесі, 25 мекенжайына («Өркен» БО 2-қабат, 202/2-кабинет) жүгінуге болады немесе 51-89-35; 72-93-56 телефондарына хабарласа аласыз.

* * *

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы 2021 жылға әлеуметтік жұмыс орнын ұйымдастыру үшін өтінімдерді қабылдайтынын хабарлайды.

Әлеуметтік жұмыс орны – жұмыссыздардың жалақысын субсидиялай отырып, жұмысқа орналастыру үшін Халықты жұмыспен қамту орталығымен шарттық негізде жұмыс беруші құратын жұмыс орны.

Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған жұмыссыздардың жалақысына берілетін ай сайынғы субсидия мөлшері салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыны ескере отырып, экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда белгіленген жалақы мөлшерінің 35%-ын құрайды. Бірақ тиісті қаржы республикалық бюджет туралы заңда айқындалған ең төменгі жалақы мөлшерінен аспайды.

Толық ақпарат және қажетті құжаттар тізімі бар өтінім бланкісі орталықтың www.czn.kz ресми сайтында орналастырылған.

 

Дереккөз: https://egemen.kz/article/251598-enhbekke-beyim-elordalyqtar

 

Жарияланған күні: 2020-9-10 сағат 23:25
Сілтеме https://czn.kz/kz-e-bekke-bejim-elordaly-tar/