ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫНАН БАСТА

Жарияланған күні:
2019-25-02 сағат 19:05

Астана қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту Орталығы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің түлектеріне арналған жұмыс жәрмеңкесіне қатысып, мемлекеттік  «жастар практикасы» бағдарламасын толық таныстырды.

Жастар практикасы – бұл білім беру ұйымдарының бітірушілерімен алған мамандықтары бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында іске асырылатын еңбек түрі. Бағдарламаға жұмыссыз ретінде тіркелген,  жасы 29-дан аспаған, оқу бітіргеніне 3 жылдан аспаған  түлектер қатыса алады. Жастар тәжірибесінің ұзақтығы – 6 ай.

Биыл, жастар практикасы бойынша еңбекақы құны 81 345 теңгені құрады. Ал, әлеуметтік аударымдармен есептегенде бағдарлама қатысушысы айына 70 139 теңге алады.

Жастар практикасының ең маңызды атап өтерлік тұсы – тәжірибе өтіп жатқан қатысушы өзін тек жақсы жағынан көрсеткен жағдайда, мекемеде бос жұмыс орны болса бірден тұрақты жұмысқа қабылданады.

Жастар жылында Астана қаласы жұмыспен қамту орталығы жас мамандардың екі қолына бір күрек табуына көбірек көңіл бөлмек. Бұл бастамада Жастар практикасы белсенді жүргізіледі деп жоспарлануда. Биылға қойылған жоспар бойынша  1000 жас түлек аталған бағдарлама аясында тәжірибе жинайтын болады.

Жарияланған күні: 2019-25-02 сағат 19:05
Сілтеме https://czn.kz/nachni-s-molodezhnoj-praktiki/