Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде тіркелген азаматтарды еңбекпен қамту өзекті мәселе.
Ағымдағы жылдың 20 желтоқсанда Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшылығы Халықты жұмыспен қамту орталығының ғимаратында «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде тіркелген азаматтарды жұмысқа орналастыру» тақырыбында кеңес өткізді.
Кеңеске Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту департаментінің, «Оңтайландыру технологиялары мен тұжырымдамалары» қоғамдық қорының, Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасының, Мемлекеттік кірістер департаментінің, Астана қаласы Ішкі істер департаментінің мүшелері қатысты.
Халықты жұмыспен қамту орталығы Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің және Жергілікті полиция қызметімен бірлесе отырып, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде тіркелген тұлғаларды қайта әлеуметтендіру жұмыстарын жүргізуде, Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңында белгіленген, жұмыспен қамтуға байланысты мемлекеттік қызметтерін ұсынады.
«Бізде жыл басынан бері 4400 сотталған пробация есебінінен өтті, 2200 адам есепте тұр. Кез-келген қылмыстың алдын алу жолы, ол ең алдымен әлеуметтік жағдайын шешу керек. Әр сотталғанның ішінде жасы 35-ке дейінгі қылмыс жасағандар. Оның үстіне басқа аймақтан келгендер көп, өйткені Астана қаласының айлығы, тұрмыстық жағдайы жақсы болған соң, халық келуде. Олардың тұрғылықты баспанасы, тіркеуі, анда-санда ақыл айтып қоятын әке-шеше, туыс-бауыры болмағандықтан қылмысқа баратындары бар. Тұрақты жұмыспен қамту қылмыстың алдын алу. Енді осы кісілердің тұрақты жұмысы бар 66% құрайды. Тіркеуден өткені 2240 адам», –деді Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет полковнигі Ернат Кенжеханұлы Ақылжанов.
Анықтама.
Пробация – санаттары заңмен айқындалған адамдардың қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу үшін олардың мінез-құлқын түзеуге бағытталған бақылау және әлеуметтік-құқықтық сипаттағы қызмет түрлері мен жеке айқындалатын шаралар жүйесі.
Оның мақсаты: күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын түзеу; сотталған адамды әлеуметке қосу; қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінен босатылған адамды әлеуметтік бейімдеу және оңалту арқылы, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу болып табылады.
Ағымдағы жылдың басынан бері 73 адам жұмыс іздеп, оның ішінде 40 адам бостандыққа шығып, 33-і тіркелгендер. 30 адам қамау орнынан босатылды және 40 адам пробация санатында тіркелді. Олардың ішінде 42 адам жұмысқа орналасты, 15 адам жалақы төленетін қоғамдық жұмысқа қатысса, 3 адам әлеуметтік жұмыс орындарында жұмыс істейді, 1 адам «Жастар тәжірибесі» бойынша қабылданса, 9 адам қысқа мерзімді курстарда кәсіби дайындықтан өтті.
«Негізі мен Халықты жұмыспен қамту орталығына үлкен рахмет айтамын. Әдетте біз сияқты жандар тағдыр тауқыметіне түскен соң, халық өзгеше қарайды. Бірақ Елбасы біздің жағдайымызды да ескеріп, әл-ауқатымызды жақсарту стратегиясына қол қойды. Менде өз мерзімімді өтеп, қазір Астана қаласының Қоғамдық Бірлестігінде жұмыс жасаймын. Бізді қоғамнан алшақтатпай, жағдайымызды қарастырған Елбасына, жұмыс табуға көмек берген Халықты жұмыспен қамту орталығына алғысым шексіз! Орталық мамандарының адам жанын түсініп, алға жүруімізге жетелейтін көңілдеріне рахмет! Ал, мынау біздің Қоғамдық Бірлестік мүшелерінің қолынан шыққан еңбектері», – деді жақында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған Айша Аққанатқызы (сұрауы бойынша аты-жөні өзгертілді)
Жыл басынан бері 69 адам жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылды, оның ішінде 30 адам бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар және 39 адам пробация қызметінде тіркелгендер.
Баспасөз қызметі